Ақтөбеде арнаулы жиынға шақырылғандар дезинфекция жұмысына кірісті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде әскери міндеттілер қызметтік борышын өтеуге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлығына орай Ақтөбеде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 100 азамат іріктелді. Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин алдымен аумақтық әскери міндеттілердің дайындығымен танысып, арнайы техникаларды қарады.

«Мемлекет басшысы еліміз қалыпты тыныс-тіршілікке қайта келуі үшін барлық ресурсты қолданып жатыр. Қолға алынған барлық шара Қазақстан азаматтарының денсаулығы, әл-ауқаты үшін жасалуда. Осы уақытта өз денсаулығын тәуекелге тігіп, әскери жиынға ынта білдірген азаматтарымыз аз емес. Өз еркімен Отанға қызмет етуге ниет білдірген барлық азаматтың қадамы өзгелер үшін үлгі болып отыр», - деді Оңдасын Оразалин.

Аумақтық қорғаныс бригадасы мен ТЖД жеке құрамы дезинфекция жұмыстарын өткізуге кірісті. Ақтөбе облысы әкімінің қауіпсіздік және қорғаныс әскери қызмет жөніндегі көмекшісі Әділбек Култаевтың айтуынша, ҚР Президентінің Жарлығы шыққан кезде 300-ге жуық ерікті жергілікті әскери комиссариаттарға жүгінген.

Бірінші кезекте денсаулығына байланысты арнайы дайындықтан өткен 100 әскери қызметші іріктелді. Қажет болған жағдайда әскери қызметке тартылатын адамдардың саны артады.

Айта кетейік, әскери қызметшілер дезинфекция шараларын өткізуге, полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіпті бақылауға көмектеседі.