Ақтөбенің Ырғыз ауданында су тапшылығы мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Тұрғындардың бір бөлігі таңертең, түсте және кешке екі сағаттан су жинап алады.
— Ырғыз ауылын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Айырқызыл–Ақши су айдау станциясын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында су құбырлары жаңартылып, қосымша 7 ұңғыма қазылды. Жобаны жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аудан орталығының жер бедерінің ерекшелігіне байланысты ауылдың төменгі бөлігіндегі көшелерде ауыз судың берілуі тұрақты. Су қысымының жеткіліксіз болуына байланысты ауылдың ескі бөлігіндегі көшелерде уақытша үзіліс болады. Бұл кезде тұрғындардың өтініші негізінде ауыз су арнайы су тасымалдаушы көлік арқылы жеткізіледі. Ал ауылдың жаңа бөлігіндегі тұрғын үйлер орталықтандырылған ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етілді, — деп хабарлады Ырғыз ауданы әкімдігі.
Ақтөбеде биыл бес ауылда сумен жабдықтау желісі қайта жаңартылады. Олар Мәртөк ауданының Кеңсахара, Хазірет, Шалқар ауданының Қауылжыр, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылындағы Қазақауыл, Аққұдық шағын аудандарындағы су құбыры желілері және Ырғыз ауданы Айырқызыл-Ырғыз су айдау станциясы.
— Ақтөбе қаласын сумен қамтамасыз ету мақсатында 5 маңызды жоба іске асырылады. Соның ішінде Құндақтықыр су станциясын жаңғырту және кеңейту, су станциясынан келетін су құбырының екінші желісін салу. Бұл екі жобаның құны — 18 млрд теңге. Ақтөбе қаласының су тазарту құрылыстарын салу 14 млрд, Сарыбұлақ жерасты су кен орнын игеру 13,1 млрд, Моисеев жерасты су кен орнын игеру 33,3 млрд теңге болады. Оның ішінде Сарыбұлақ және Моисеев сорғы станциясының құрылысы жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Қалған үш жобаның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Осы жобалар іске асса Ақтөбе қаласында тәулігіне қосымша 70 000 текше метр су беріледі және тұрғын алаптарды сумен жабдықтау мәселесі шешіледі, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы басқармасы.
Бүгінде ауыз сумен жабдықтау өңірдегі елді мекендер бойынша 94,4% жетті.
Бұған дейін Ақтөбедегі газбен қамтылған ауылдар туралы жазғанбыз. Жоспар бойынша үш ауданда 8 ауылға газ құбыры тартылады.