Ақтөбе облысы халықының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» ішкі бағдарламасы іске қосылады. Пилоттық жоба алғаш рет Жамбыл облысында сынақтан өткен. Ол кезде ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтар мен аграрлық бизнестерін дамытуға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген заем берілді. Кооператив құруда және лизингке техника рәсімдеуде қолдау көрсетілді.
«Халық табысы орташа алғанда екі есе артты. Ауыл тұрғындарының 38%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Атаулы әлеуметтік төлем алатындар саны 68% азайды. 11 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері айналымға енгізілді.
Мал басының 28%-ға артуы, ет пен сүт өңдеу кәсіпорындарының ашылуы, өсімдік шаруашылығы, оның ішінде көкөніс өнімдерінің 25%-ға артуы оң мультипликативті нәтиже болды. Бұл екі жыл ішінде қол жеткізген нақты нәтижелер. Сонымен бірге, қарызға берілген қаражатты қайтару деңгейі 98,9 %. Жалпы, жоба аясында қарызға берілген 9,2 млрд. теңгенің 37 пайызы қайтарылды. Бұл ақшалар жаңартпалы механизм болып басқа ауылдарды дамытуға жіберіледі»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Тамыз айының ортасында Ақтөбе облысында жобаның мақсат-міндеттерін түсіндіру жөнінде ақпараттық марафон басталды. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесінің басшысы Нұркен Шарбиев мобильді топтар Ақтөбе облысының 26 ауылында кездесу өткізгенін жеткізді. Е.Тоғжановтың тапсырмасымен жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын жалғастырады. Бұдан бөлек, облыс әкімі жобаға қатысатын пилоттық ауылдық округтерді анықтайтын скринигті қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Әр елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселесі, сумен қамтылуы, еңбек және қаржы ресурстары ескеріледі. Бүгінде облыстағы 62 елді мекеннің скринигі аяқталды.
«Ауыл аманаты» жақсы әлеуметтік-экономикалық нәтиже көрсетті. Оны сапалы жүзеге асырса ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын көтеруге мүмкін болады. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы. Жобаның Ақтөбе облысында барынша жедел әрі тиімді жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігерді салу керек»,- деді облыс әкімі Е.Тоғжанов.