Ақтөбеде ауыл балалары үшін спорт кешені қолданысқа берілді

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Мәртөк ауданы, Саржансай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәңірберген ауылдық округінің Саржансай ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жаңадан дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Бұл үшін бюджеттен 205 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмысы жүргізілді.

«Бұл аудандық бюджет есебінен салынған спорт кешенінің бірі. Жаңа залда бір мезетте 150 адам жаттығады. Енді ауыл азаматтарына еркін күрес, тоғызқұмалақ, үстел теннисі үйірмесіне қатысу үшін аудан орталығына немесе қалаға барудың қажеті жоқ», - деді Мәртөк ауданының әкімі Алмас Салықбаев. Ол ауыл жастарына табандылық пен қажыр, спортта зор жетістік тіледі.

Айта кетейік, Мәртөк ауданындағы Қаратоғай ауылында да дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Спорт кешені 2022 жылы Родников ауылында да салынады. Сөйтіп мыңнан астам тұрғыны бар бар ауылдың баласы мен жасын бұқаралық спортқа баулуға бар жағдай жасалады.


Соңғы жаңалықтар