Ақтөбеде ауылға барған жас дәрігерлер 1,5 млн теңгеден алды
Ақтөбе облыстық медицина орталығында «Жас мамандардың мамандыққа бастамасы» атты жас дәрігерлерді қолдауға арналған шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыс әкімінің орынбасары , облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медициналық орталықтың бас дәрігері, денсаулық саласында қызмет еткен ардагерлер қатысты. Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина институтын бітіріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылға жұмысқа орналасқан 45 жас дәрігердің әрқайсысына 1,5 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
«Президент алғашқы медициналық көмек адамдарға барынша жақын болуы керектігін тапсырған болатын. Облыста медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді», - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, өңір басшысы Алматы қаласында дәрігерлер арасында өткен турнирде үшінші орынға қол жеткізген футбол командасының әрбір мүшесіне 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.