Ақтөбеде автобус жүкті әйелді қағып кетті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік аяғы ауыр әйелді қағып кетті. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Бүгін сағат 13:00-де қоғамдық көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Оқиға қаланың Әбілқайыр хан даңғылында болды. Әйел жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан. Сол кезде оны автобус соққан. Қазіргі кезде жәбірленуші облыстық жедел-жәрдем ауруханасына жеткізілді. Жүргізушінің ішімдік ішкен, ішпегені анықталып жатыр. Тергеу  басталды»,- деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Дәрігерлер әйел мен ішіндегі баласы дін аман екенін айтуда. 

«Ол Жедел медициналық көмек ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Тиісті тексерулер жүргізілді. Денесінде соғылған жарақаттар бар. Жүктілігінің мерзімі 30-33 апта, бала дін-аман. Оны облыстық ауруханаға жолдадық», - деді Аурухананың бас дәрігері Рақымжан Арыстан.