Ақтөбеде балалар арасында коронавирусқа шалдығу жиіледі
«Қызыл» аймақтағы Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясы өршіп тұр. Өткен тәулікте тағы 206 адамнан COVID-19 анықталды. Олардың 146-ы дерттің симптомды түріне шалдыққан. Көбі Ақтөбе қаласының тұрғыны.
«Тәулік ішінде 22 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Сонымен бірге 4 мұғалім мен 4 медицина қызметкерінен де COVID-19 тіркелді. Барлығы 5 мыңға жуық адам әлі де үй карантинінде. Сондықтан бетперде тағып, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын. Британдық штамм тіркелген сәттен бастап ауру саны артып кетті», - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Облыс бойынша жедел жәрдем шақыртуы да артты. Бір тәулікте 1 мыңға жуық адам халаттылардан көмек сұраған. Олардың 23-нен КВИ, 11-нен пневмония анықталды.
«Қазір 646 адам инфекциялық стационарларда жатыр. Оның 429-ы қалада. Өзгесі аудандардағы емдеу орындарында. Жансақтау бөліміндегі 46 адам ерекше бақылауға алынған. Әсіресе өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған 6 науқастың жағдайы ауыр. Британдық штамм тез тарайтыны, ауыр өтетіні бұған дейін айтылды. Өз бетімен емделуге болмайды. Тұмау белгісі анықталса бірден учаскелік дәрігерге хабар беруі керек», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Бекболат Ізбасаров.
Оның айтуынша, вирус жұқтырған 92 баланың 10-ы инфекциялық стационарда жатыр.
Ақтөбе облысы бойынша КВИ-ді қайта жұқтырған адам жоқ. Инфекциялық стационарлардың 50 пайызы толды.