Ақтөбеде балалар бір ғасырлық тарихы бар диірменді тартып, жарманың дәмін татты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында Қарғалы ауылының күндері өтіп жатыр. Қала балалары бір ғасырлық тарихы бар диірменді тартып, тарының жармасынан дәмін татты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласына мереке сыйлаған Қарғалы ауданы бүгін Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақты ән мен биге бөледі. Ауыл өмірін қалаға алып келген қарғалылықтар бір ғасырлық тарихы бар диірменді тартып, жармадан дәм татуға мүмкіндік берді. Әсіресе, балалардың қызығушылығы ерекше.

«Бала кезде диірмен тартып, жарма жеген ересектер сол күнді еске түсіріп жатыр. Ал қала балалары диірменді, келі-келісапты білмейді. Олар қызықтап, сұрап, диірменді тартып, тары жармасының дәмін татып көріп жатыр. Біздің мақсатымыз - қазақтың салт-дәстүрін жаңарту, балаларға ата-бабаның өмір салтын үйрету, таныту. Бұл тарихи жәдігерді Жосалы ауылында тұрғаны әжеміз Зағипа Оспанова берді. Қазір диірмен №2 Бадамша орта мектебінде тұр. Қажет кезде пайдаланамыз»,- деді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Бану Мұхтар.

Айта кетейік, диірмен иесі Зағипа Оспанова 80 жастан асқан соң дүниеден озған. Ол қазақтың ұлттық тағамдарымен жетім балаларды бағып, қамқорлық көрсеткен.

«Әжем құрт-ірмішік, тары-талқанды өзі дайындайтын. Жүз жылдық тарихы бар диірменмен бізге жарма тартып беретін. Ол мейірімді болды. Әжем дайындаған тағамның бәрі дәмді болды. Тіпті көрпе тігіп, құрақ құрады. Бір сөзбен айтқанда шебер еді. Мәңгі есте сақтап, ұлттық салтымызды балаларға таныту үшін оның бұйымдарын мектеп мұражайына тапсырдық»,- деді Рахима Мұсабекова.