Ақтөбеде балалардың бетіне бұрышты газ шашқан жасөспірім жәбірленуші тараппен татуласты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы көпірдің үстінде балалардың бетіне бұрышты газ шашып, кейін шекарада ұсталған жасөспірім жазадан құтылып кетті. Қылмыстық іс тоқтатылды.

Фото: freepik.com

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде қылмыстық іс қысқартылды. Себебі екі тарап татуласты. Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі де істің қысқартылғанын хабарлады. 

Еске салсақ, биыл Ресейден Қазақстанға жазғы демалысқа келген жасөспірім 11 шағын аудандағы көпір үстінде жүрген балаларға құтыдағы газ баллонын шашып, қашып кетті. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері шекарадан өтпек болған кәмелетке толмаған күдіктіні ұстады. 

Қылмыстық кодекстің «Тонау», «Бұзақылық» баптары бойынша санкциялау туралы өтініш хат түсті. Қылмыстық іс материалына сүйенсек, жасөспірім ішімдік ішкен күйі кәмелетке толмаған «К»-нің аяқ киімін алып кеткен. Оған келтірілген шығын көлемі – 16 мың теңге. Кейін «А» бұзақылық жасап, қолындағы бұрышты газ баллонын «В» есімді баланың бетіне шашады. Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу соты балалардың бетіне бұрышты газ шашып, қоғам ішінде резонанс тудырған жасөспірімді екі айға қамауға алды