«Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн күрес» республикалық шарасы аясында облыстық полиция департаментінің «Жасөспірім» жедел алдын алу акциясы басталды.
Ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда және жастар көп жиналатын орындарында, ойын-сауық орындарында рейд жүргізді.
Бірінші күні қалалық және аудандық полиция бөлімдеріне барлығы 74 жасөспірім жеткізілді. Оны екеуі бейімдеу орталығына орналастырылды.
«150-ден астам кәсіпкерлік объектісі тексерілді. Оның ішінде құрылыс, техникалық қызмет орталығы, көлік жуу, дәмхана, базар бар. Нәтижесінде бала еңбегін пайдаланудың 3 фактісі анықталды. Кәмелет жасына толмаған 19 бала және 15 қолайсыз отбасы арнайы тіркеуге алынды. Ақтөбе қаласында орналасқан көлік жуу орнында кәмелетке толмаған үш жасөспірім анықталды. Оның бірі - 9-сынып, екеуі -11-сынып оқушысы. Хромтау қаласында Ақжар орта мектебінің оқушысы даяшы болып жұмыс істеп жүр. Заңды өкіліне әкімшілік хаттама толтырылды. Жеке кәсіпкеріге де ескерту берілді», - дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Анықталған фактілер бойынша еңбек инспекциясына өтініш жолданған.