Ақтөбеде балаларға арналған автоқалашық ашылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде балаларға жол ережесін үйрететін автоқалашық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының ПД Жол-техникалық инспекция бөлімі қызметкерлері, ҚР ІІМ Ақтөбе заң институтының «Көлік объектілерінде қауіпсіздікті ұйымдастыру» кафедрасы және Ақтөбе қаласының әкімдігі Тұңғыш Президент атындағы саябақ аумағында автоқалашық салды. Негізгі мақсат балаларға жол қозғалысы ережелерін жол қозғалысының нақты қатысушылары ретінде үйрету. Бұл өз кезегінде жолда жүру мәдениеті мен ережелерді сақтауға септігін тигізеді.


«Автоқалашыққа барлық қала тұрғыны мен қонақтары өз ізбасарларымен қалаған уақытта келіп, «Жол жүру ережесі» төңірегіндегі білімін шыңдауына болады. Сонымен қатар, аталған жобаның жүзеге асуына үлкен үлес қосқан қала әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз» - деді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Еркін Өтеген.


Статистикаға сүйенсек, биыл 5 айда балаларға қатысты 27 жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде 1 бала қаза тапты. Ал 22 бала түрлі дене жарақатын алды.