Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бүгін айыпталушы Жанна Ақаласоваға қатысты үкім шығарды. Бұған дейін хабарлағанымыздай баласын 60 мың теңгеге айырбастаған айыпталушы кейін өз ісіне өкінген болатын .
«Айыпталушы Жанна Ақаласова Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмағандардың саудасы» бабы бойынша айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жеке меншігіндегі мүлкі тәркіленсін», - деді судья Нұрлыбек Ормаханов. Ал баланы бауырына басатын адамды тауып беріп, екі арада делдал болған Данагүл Өтешова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья үкім шығарар кезде айыпталушының кішкентай баласы бар екенін ескеріп, жаза өтеу мерзімін 5 жылға кейінге шегерді. Ал ұзақ жыл бойы сәби сүйе алмаған баласы мен келініне баланы алып берген айыпталушы Дина Досақова 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін «Үміт» сәбилер үйінде болған айыпталушы Ақаласованың баласын мемлекет өз қамқоршылығына алды.