Ақтөбе облысында жұмысшылардың жалақысына мониторинг жүргізіледі. 2017 жылдың алғашқы айларында жұмыс берушілердің қарызы 780 миллион теңгені құрады. Ал жыл қорытындысында 16 миллион теңге қарыз қалды. Қазіргі кезде облыс әкімдігі мен мемлекеттік кірістер департаменті бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр. Банкрот болған кәсіпорындардың мүлкі сатуға шығарылды.
«Арнайы топ жұмысшылардың жалақысын көтеруге қатысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде 53 өндіріс орны 7-20 пайыз аралығында өз еңбеккерлерінің жалақысын көтеруге келісім берді. Кездесу әлі де жүріп жатыр. Әсіресе қарапайым жұмысшыларға басымдық береміз»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.
Айта кетейік, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ірі өндіріс орындарының басшыларымен кездесіп, еңбекақыны көтеру мәселесін қойды.
«Еңбекақыны көтеру - Президент тапсырмасы. Әр өндіріс орны, шағын және орта бизнес жұмысшыларының жалақысын кем дегенде 10 пайызға көтеруі тиіс. Бұл өндіріс, құрылыс, көлік саласына да қатысты ескерту. Жұмыс тобы бәрін бақылап, өсім жоқ компанияға тиісті шара қолдануы керек»,- деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Есеп бойынша биыл өңірде жұмыс істейтін 253 мың адамның жалақысы көтеріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік дүкендердің жұмысы жанданып, тауар өндірушілермен бағаны тұрақты ұстап тұруға келісімі жасалады.
«Коммуналдық қызметтердің төлемі өсті. Ақпан айынан бастап ақылы қызметтер де бағаны өсіруі мүмкін. Сондықтан Тұрақтандыру қорының қызметін күшейтіп, өнім өндірушілер арасындағы меморандумдарды жалғастыру керек»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асқар Биахметов.