Ақтөбеде 72 жастағы Зылиха Қоспаева бет-аузы көгеріп үйінде отырса, ал 65 жастағы сіңлісі Айман Сағындықова дене жарақатымен ауруханаға түсті. Екеуін де белгісіз біреулер соққыға жығып, ақшаларын алып кеткен.
«Сіңлім екеуміз бірге тұрамыз. Оқиға 22 ақпан күні сағат 20:00-де болды. Мен үйде ыдыс-аяқ жуып отырдым, ал сіңлім есіктің кілттенгенін қарауға кетті. Сол кезде еңгезердей ер адам келіп, ұра бастады. Сіңлім дәлізде қансырап жатыр екен. Бетін пышақпен тіліп кеткен, қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал менің тісімді сындырды», - деді Зылиха Қоспаева.
Қарияның айтуынша, ол ұрып-соққан адамға алдымен 1 мың теңге, оны азсынған соң тағы 1 мың теңге қосып берген.
«Бізден миллион сұрады. Ал бізде бар болғаны 2 мың теңге болды. Сол аралықта қашып шығып, көмек сұрадым. Көршілеріміз жедел жәрдем шақырды. Полиция да келді», - деді З.Қоспаева.
Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті іздестіріліп жатыр.
«Белгісіз азамат үйге заңсыз кіріп, екі азаматшаға дене жарақатын салған және ашық түрде 2 мың теңгесін алып кеткен. Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдіктіні анықтау іс-шарасы қолға алынды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.