Ақтөбеде бес күнде 318 адамнан коронавиус инфекциясы анықталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде эпидахуал күрделене түсті. «Қызыл» аймаққа кірген өңірде карантин күшейіп, вакцина салдыру міндеттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе облысында бір тәулікте 77 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Салдарынан 182 адам карантинге оқшауланды. Бәрі медицина қызметкерлерінің бақылауында. Қазіргі кезде 1900-ге жуық адам үй карантиніне алынған. Халық арасында дельта штамы бар. Әсіресе жастар арасында жиі тіркеледі. Сондықтан вакцина қабылдап, қорғанып жүруге шақырамыз», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Жалпы бес күнде 318 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Мұхтар Сербаевтың айтуынша, күн өткен сайын өсім тіркелген соң қатаң шектеуі сақталады. Әлі де сенбі, жексенбі күндері базар, сауда орталықтары жұмыс істемейді.

«Антиденеге сеніп, вакцинадан бас тартуға болмайды. Сонымен бірге жас аналар да вакцина қабылдай алады. Қазіргі кезде коронавируспен ауырған адамдар үш ай өткен соң вакцина салдыруы тиіс. Бәрі де ұлт саулығы үшін атқарылып жатқан іс. Айтып өтейін, жоспарлы медициналық ем жалғаса береді. Бізде вирус жұқтырғандарды қабылдайтын емдеу орны жеткілікті», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.