Ақтөбеде бетперде киген біреулер оқушы қызды ұрып кетті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде №55 орта мектеп оқушысын бетперде киген қыздар ұрып кеткен. Қазір ол ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мектеп оқушылары арасындағы қылмыс пен бұзақылық азаяр емес. Соның бірі жақында тағы орын алды. №55 орта мектеп директоры Әлия Қасымованың айтуынша, соққыға жығылған оқушы денсаулығына байланысты сабаққа келмеген.

«14 желтоқсан күні анасы «баламды ауруханаға апарамын, қыздар ұрған» деп айтты. Кейін біз оқушының жағдайын сұрап, телефонмен хабарласып отырдық. Сол кезде толық тексеруден өтіп жатқанын айтқан болатын. Арыз, шағым түспеген соң, оның үстіне оқиға мектеп ішінде, ауласында болмаған соң өзге ақпарат бере алмаймыз», - деді ол. 

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын айтып отыр. 

«Сынып жетекшісі оқушының ата-анасымен сөйлесіп, оның кеше ауруханадан шыққанын біліп отыр. Сабаққа да қосылады. Оқу үлгерімі орташа, өзінің достары бар. Волейболмен шұғылданады. Мектепте жоспарлы түрде тәрбие сабақтары өтеді. Мектеп инспекторлары мен психологтар да кездесу өткізеді», - деп мәлім етті облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, желтоқсанда дарынды балалар мектеп-интернатының оқушылары төбелесіп, бірі екіншісіне пышақ жарақатын салған болатын. Кейін мектеп директоры қызметінен кетіп, бірнеше мұғалім жазаланды. Ал қазан айында №73 орта мектепте оқушылар жанжалдасып, бірі екіншісіне пышақ сұғып алды. Кейін мұндай жағдай №14 орта мектебінде тіркеліп, ата-аналары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.