Ақтөбеде биыл 12 мыңнан астам түлекті жұмыспен қамту жолы қарастырылып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде биыл 12 мыңнан астам жас қолына диплом алады. Олардың кейбірі өзі туып-өскен өңірге кетсе, басым бөлігі облыста жұмыспен қамтылуы тиіс.

Фото: Астана қалалық жұмыспен қамту басқармасы

Ақтөбе облысы бойынша медицина және әскери ұшқыштар саласында ғана түлектер қолына диплом алмай жатып жұмыс орнын анықтайды. Ал өзгелер үшін төрт түрлі жол ұсынылады. 

- Биыл облыс бойынша 16 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның 6 мыңға жуығы жастар. Қазіргі кезде жастарды жұмыспен қамту өзекті болып тұр. «Еңбек нарығын дамыту» тұжырымдамасы аясында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бар. «Жастар практикасына» оқу орнын аяқтаған жас бара алады. Ол өз мамандығын осы арқылы терең меңгеріп, жан-жақты үйреніп алады. Бір жыл ішінде ай сайын 110 760 теңге алады. Ал «Алғашқы жұмыс» орны 18 айға созылады. Ол кезде жұмыс беруші сол маманды жұмысқа алуға міндетті болады. «Ұрпақтар келісімшарты» аясында зейнетке шығуға дайындалып жүрген адамдардың орнын ауыстыру көзделген, - деді «Ақтөбе облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығы» КММ басшысы Алтынай Маханова. 

Айта кетейік, жас түлектер диплом алған соң Мансап орталығына баруы керек. Қазірі Ақтөбе облысы бойынша «Жастар практикасы» жобасына 273 түлек бағытталды. Биылғы жоспар бойынша 820 адам қамтылуы тиіс. 

- Ақтөбе облысы бойынша Еңбек порталында 1388 бос жұмыс орны бар. Көбіне білім саласында сұраныс бар. Мектеп, балабақшалармен қатар құрылыс, ІТ саласын атап өтуге болады.

Қазақстан бойынша жұмыссыз жастар деңгейі 3,5% болса, Ақтөбеде 2,7% құрап отыр. Былтыр 5 мыңнан астам түлек есепке алынды. Биыл облыс бойынша 12 мыңнан астам түлек бар. Оның ішінде өзге облыстың да жастары тіркелген, - деді Алтынай Маханова.