Ақтөбеде биыл 14 кәмелетке толмаған сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 25 іс қаралды. Оған 36 соттталушы қатысты.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбеде кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық жауапқа тартылғандар саны жыл өткен сайын артып отыр. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы 54, 2024 жылы 56, ал 2025 жылы 88 іс қаралып, оған 92 кәмелетке толмаған сотталушы қатысты. Сот үкімімен 44-і сотталды. Биыл бірінші тоқсанда Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 25 істі қарады. Оған 36 кәмелетке толмаған сотталушы қатысып, 14-і сотталды.

— Қазақстанда қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталады. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаса 14 жастан бастап қарастырылған. Жаза түрлері: айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру, тәрбиелік ықпал ету шаралары. Ал 14 жасқа толмаған тұлғалар қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды, — деп хабарлады Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбеде өзінен кіші баланы ұрған мектеп оқушысына сотта айып тағылды. Сот істі жабық қарауға шешім қабылдады. Мектеп оқушысына Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылып жатыр.