Өңірде жерді пайдалану заңдылықтарының сақталуы үнемі бақылауда болады.
Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ислам Ізбасқановтың айтуынша, биыл жоспардан тыс 120 тексеру жүргізілді. Бұл тексеру 149,2 мың гектар аумақты қамтыды. Нәтижесінде жалпы аумағы 94 мың гектарды құрайтын 62 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді жер телімдері қайтадан айналымыға енеді. Сонымен қатар 92 субъект әкімшілік жауапқа тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3,6 млн теңгені құрады.
- Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбағаны үшін жер салығы мөлшері 40 еселенеді. Бұл – жерді тиімсіз пайдаланушыларға ықпал етудің қосымша тетігі. Департамент өткен жылдары пайдаланылмай жатқан 588 жер учаскесіне жер салығының жоғары мөлшерлемесін қолданды. Қайта есептеу нәтижесінде жер пайдаланушыларына қосымша 91 млн теңге есептелді, – деп түсіндірді Ислам Ізбасқанов.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы 25,3 млн гектар жайылымдық жері бар еліміздегі ең ірі өңір. 2025 жылы өңірде 554 мың тонна дәнді дақыл және 72,4 мың тонна майлы дақыл жиналды.