Ақтөбеде бір аптада 27 жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынды
Ювеналды полиция инспекторлары түнгі уақытта ата-анасыз жүрген балаларды полиция бөлімшесіне жеткізді. «Демалыс» алдын алу шарасы кезінде барлығы 300 жасөспірімнің қараусыз қалғанын анықтады.
«Әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген 28 жасөспірім бөлімшеге жеткізіліп, 21 ата-ана жауапқа тартылды. Кәмелетке толмағандар көбіне бұзақылық жасайды, сөйтіп ата-анасы айыппұл төлейді. Сонымен бірге 27 жасөспірім және 29 қолайсыз отбасы есепке алынды», - дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция майоры Нұржан Мұқымов.
Ювеналды полиция инспекторлары аула, саябақ және жастар көп жиналатын орындарда, ойын-сауық орталықтарында рейдтік жұмыстар жүргізді.
«Жасөспірімдер қылмыстық жазасы ауыр болатынын білмейді, сезбейді. Біз түсіндіріп, ойланбай жасаған әр істің сұрауы болатынын ұғындырамыз. Мұны ата-ана да айтып, еске салып отыруы тиіс», - деді Нұржан Мұқымов.