Ақтөбеде бір мектептің 5 оқушысы мен мұғалімдерінен коронавирус анықталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе орта мектебінің мұғалімінен коронавирус анықталып, карантин кезінде тағы 5 оқушы мен мұғілімнің дертке шалдыққаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе орта мектебінің мұғалімінен коронавирус инфекциясы анықталды. Қарым-қатынаста болған адамдар 18-29 қаңтар аралығында карантинде болды. Барлығы 47 оқушы мен 15 педегог үй карантиніне жатқызылды. Алғаш кезде ПТР сынама теріс нәтиже көрсеткенімен арада 12 күн өткен соң 5 оқушы мен тағы бір мұғалімнен COVID-19 анықталды», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Оқушылар карантинде, олар онлайн сабағын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта мектептегі санитарлық жағдай қатаң бақылауда.