Ақтөбеде бір мезетте 15 мыңнан астам адам Әнұранды орындады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Бір тудың астында» акциясы өтті. Қала тұрғындары Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы тутұғыр маңында Әнұранды шырқады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді жастар, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Барлығы мыңнан астам адам жиналды. Акция барысында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтіп, Әнұран орындалды.

«Аса дарынды қазақ ақыны Жұбан Молдағалиев кезінде мың өліп, мың тірілген қазақтың мұңын шағып, «Мен қазақпын» деген поэма жазған болатын. Ол кезде бұл қауіпті еді. Бірақ осы поэмасында аса дарынды ақын қазақ халқының қайғысын, қасіретін, ұмтылысын, арманын түгел қамти жазды. Соның ішіндегі ең басты арман тәуелсіздікке қол жеткізу еді. Ал бүгін біздің елімізде маңызды құжат қабылданған күн. Біздің негізгі қағидаттарымыз анықталды. Мемлекетіміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани принциптері айқындалып, болашақ мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты, оның қауіпсіздігі және басқару жолдары белгіленді», - деді философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов.

Сонымен қатар 12 ауданда патриоттық мәні зор салтанатты шараға 15 мыңнан астам адам қатысты.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Республика күніне орай қайырымдылық, экологиялық, патриоттық шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік және спорттық нысандар пайдалануға берілді. Мәселен, Алға ауданының алты елді мекенінде суды тазартатын кешенді блок-модуль орнатылса, Мәртөк ауданында электронды қызмет көрсету орталығы ашылды. Қарғалы ауданында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, Шалқар ауданында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы есігін айқара ашты. Байғанин және Алға аудандарында спорт және ойын алаңдары қолданысқа берілді. Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласы мен Сағашилі ауылында көпсалалы ашық спорт алаңдары салынып, Шеңгелші, Қожасай ауылдарына ауыз су желісі іске қосылды. Темір, Қарғалы аудандарында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, Ойыл ауданының Үшқұдық ауылындағы және Алға ауданының Жерұйық, Қарағаш, Маржанбұлақ ауылдарындағы жолдарды орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.