Ақтөбеде бір тәулікте 7 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар саны артты. Өткен тәулікте 7 оқушы мен 2 студенттен вирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сары» аймақтағы Ақтөбе облысында бүгінге дейін 4776 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Өткен тәулікте 40 адам дертке шалдықты. Оның 27-сінен вирустың симптомды түрі анықталды.

«Ақтөбе қаласындағы №63, 64, 78 және «Ақбөбек» және Хромтау аудандық №2 мектеп-гимназияның оқушыларынан вирус анықталды. 1, 2, 3, 4, 5-сынып және мектепке даярлық тобында оқитын оқушылардың бәрі оффлайн дәріс алған. Көбі науқас адамдармен қарым-қатынаста болғаны үшін тексеріліп, вирус жұқтырғаны белгілі болды. Сонымен бірге колледж және университет студенті де COVID-19 жұқтырған. Екеуі де онлайн оқыған»,- деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Өңірде қаңтар айында 265, ақпанда 313, ал наурызда 508 адам вирус жұқтырған. Қазіргі кезде 900-ге жуық адам үй карантинінде жатыр.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы кеше «сары» аймаққа кіріп карантин шаралары күшейтілді.