«Ақтөбе облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен көршілес Қызылорда, Атырау облысында індет жұқтырғандар саны күн өткен сайын артып барады. Сондықтан блокпостты нықтап, карантин енгізілген болатын. Яғни, шектеу бар, қалаға тек азық-түлік пен медициналық заттар кіргізіліп жатыр. Тұрғындар да карантиннің енгізілгенін дұрыс деп шешті. Бәрі үшін алдымен денсаулық қымбат. Арасында кәсібі тоқтағандардың реніші болғанын жасырмаймыз. Қазір шектеу шараларын азайту, кәсіптің кейбір түріне жұмыс істеуге мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Көлік жуу орындары жұмысын бастады», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жергілікті арнада өткен тікелей эфир кезінде.
Облыстық штаб алдағы уақытта бірінші кезекте қай саланың жұмысы жанданатынын шешеді.
«15 сәуір күні тағы бір қаулы шығуы мүмкін. Сол кезде іске қосылатын мекемелер тізімі белгілі болады. Блокпост өте қажет дүние. Коронавирус инфекциясы дерегінің тұрақтылығы жұмыстың жүйелігі, шешімнің дәлдігі деп білеміз. Елде індеттің тіркелуі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. Бәрі ескеріледі. Мәселен, шаштараз, сұлулық салоны екінші кезеңде іске қосылуы мүмкін. Бұл 20-23 сәуір аралығы болуы ықтимал. Қазір стоматология кабинеттері жұмыс істеп тұр», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.