Ақтөбеде биыл кәмелетке толмағандарға қатысты 39 қылмыстық іс қозғалды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде биыл кәмелетке толмағандарға қатысты 39 қылмыстық іс қозғалған. Полиция құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында «Студент» шарасын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталып, тек мектеп оқушылары емес, колледж бен университет студенттері қазір білім ордасының ғимаратында оқып жүр. Полиция қызметкерлері студенттер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Студент» шарасын бастады.

«Колледж және орта мектеп қабырғасында кәмелетке толмағандардың бірін-бірі бопсалау, тонау, топтасып төбелесу деректерін болдырмау мақсатында Актөбе қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасының ұйымдастыруымен «Студент» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Жанында ата-анасы жоқ, қалада жалдамалы пәтерлерде, тума-туыстарында және колледж жатақханаларында тұрып жаткан кәмелетке толмағандардың тұрғылықты мекенжайын тексеріп, тұрмыстық жағдайларына зерттеу жүргізілді. Биыл облыста кәмелетке толмағандар арасында 39 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен бірге 4 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.