Ақтөбе облысында ай сайын кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелер арасындағы кедергілерді жою сұрақтары қаралады. Өткен жылы шағын және орта бизнеске кедергі келтіретін 32 нормативтік-құқықтық акт анықталса, оның ішінде жергілікті жерде шешімі табылатын қиындықтар да бар. Жұмыс әрі қарай жалғасатын болды. Биыл Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы, «Атамекен» ҰКП мен кәсіпкерлер бірлесіп, «Бизнеске шектеу жоқ» жобасы аясында жұмыс істейді.
«Экономиканың барлық саласы бойынша өсім болуы керек. Биыл біз Ақтөбе облысында бизнесті дамытуға кедергі болатын тосқауылдарды жою үшін барлық қажетті шараларды жасаймыз. Қазір біз «Атамекен» ҰКП-мен бірігіп жұмыс істеп, бизнеспен жұмысқа талдау жүргізіп жатырмыз. Барлық уәкілетті бақылаушы және құқық қорғау органдары бизнесті дамытуға кедергі болатын мәселелерді жою үшін мұқият талдау жасауы тиіс. Кәсіпкерлікті дамытудың барлық орталықтары жұмыс істеуі керек»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында 63 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектісі тіркелді. Олар өткен жылы жалпы сомасы 492,7 млрд. теңгені құрайтын өнім өндірді. Өңірде бұл салада 135 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр.