Ақтөбеде бөгеттерді жөндеу жұмысы жүріп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбенің Мәртөк ауданында бөгетті жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Облыс бойынша бұл жұмыстар қараша айына дейін жалғасады.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Мәртөк ауданына барып, ондағы Мәртөк, Қазан-2 және Саржансай бөгеттерінің жай-күйімен танысты. Аққайың ауылындағы Мәртөк бөгеті 1990 жылы қолданысқа берілген. Содан бері жөнді жөндеу жүргізілмеді. Қазіргі кезде мұнда қайта қалпына келтіру, соның ішінде құбыр, шлюз салу жұмысы атқарылып жатыр. Жұмыс шілде айында аяқталуы тиіс. Алдағы уақытта бөгеттегі су ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Ал Мәртөк ауылындағы Қазан-2 бөгеті былтыр жөнделді. Оған 107,4 млн теңге жұмсалды. Нәтижесінде көктемгі су тасқыны кезінде бөгет қарғын суды ұстауға, Қазан және Мәртөк ауылдарының жаңа құрылыс аумағын аман алып қалуға көмектесті.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

- Бұл аудандағы Саржансай және Сарыжар ауылдарында бөгеттер нығайтылып жатыр. Қазіргі уақытта Елек өзені бойындағы ауылдарда 17 шақырымды құрайтын бөгет салынуда. Барлық жұмысты қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы облыста су тасқынында 15 гидротехникалық құрылыс бұзылды. Қазір жобалар әзір, мемлекеттік сараптамада. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөгеттер мен гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмыстары қараша айына дейін аяқталады деп отыр, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы Асхат Шахаров мемлекеттік органдар мен мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын нормативке сай уақытылы, сапалы тапсыруды міндеттеді.

- Ақтөбе облысында 22 елдімекен су тасқынынан зардап шекті. Былтыр ауылдарды топан судан қорғайды деп бастаған және биыл жасалатын 25 жоба бар. Соның жұмыстарын ретке келтіру қажет. Жоспарға сай, алдын ала әрі жылдам қимылдап, мерзімінде құрылысты бітіру керек. Әйтпесе үлкен су келгенде қайтадан салдарымен күресуіміз мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті, Табиғи ресурстар және табиғатты қорғау департаменті, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары, аудан әкімдігі мен мердігер компаниялар бұл мәселені үнемі назарда ұстап, қадағалап, жұмыстарды күшейтуі тиіс, - деді Асхат Шахаров.

Мәртөк ауданында үш ауыл табиғи апаттан зардап шегіп, салдарынан 69 аулаға су кірді. Дегенмен мұнда төтенше жағдай жарияланбады. Саржансай ауылындағы бір үй және Сарыжар ауылында үш үй техникалық тексеру нәтижесінде апаттық жағдайда деп танылды. «Болат Өтемұратов қоры» арқылы үй сатып алынған. Қалған екі отбасы жаңа үйге көшу үшін құжаттарын дайындап жатыр. Сонымен қоса, 45 отбасы 100 АЕК әлеуметтік біржолғы төлем алды.

Еске салсақ, көктемгі су тасқыны кезінде бұзылған бөгеттерді жөндеуге 3 млрд теңге қажет.