Ақтөбеде жаздың соңғы айында жылан шағу дерегі тіркеліп жатыр. Адамдар табиғат аясында тыныққанда, саяжай аумағында және далада аса сақ болуы керек.
- Тамыз айында облыста 4 баланы жылан шағып алды. Оның ішінде Ақтөбе қаласында – 2 жағдай, Хромтау қаласында – 2 жағдай тіркелді. Жылан көбіне елді мекендердің шетінде, шөбі қалың жерде, тастың, ағаштың және түрлі құрылыс материалдарының арасында, су айдындарына жақын аумақтарда кездесуі мүмкін. Жылан адамды әдейі қумайды, көбіне қауіп төнген жағдайда қорғану мақсатында шағады,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Сақтық үшін балаларға мынаны ескерту керек:
- жыланға жақындауға болмайды және бала оны қуаламау керек;
- қалың шөп, бұта арасына, тас немесе ағаштың астына қол сұқпаған жөн;
- табиғат аясында тыныққанда жабық аяқ киім және ұзын шалбар киген дұрыс;
- балалар ойнайтын аумақты үнемі қарап, қалың шөпті уақытылы шабу керек;
- шатырды қарап, төсек-орын, киім және аяқ киімді қағып-сілкіп алған дұрыс.
- Жылан шаққан жағдайда адамды көп қозғауға болмайды. Баланы жатқан күйінде ауруханаға жеткізу қажет. Көп су берген дұрыс. Шаққан орынды таңып тастауға, кесуге, күйдіруге болмайды. Өз бетінше емдеу қауіпті,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Алматы облысындағы Көлсай көлдері аумағында жылан шаққан 16 жастағы жасөспірімге Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жедел көмек көрсетті.