Ақтөбеде бір үйдің 5 баласы анасына араша сұрады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Есболовтар отбасындағы 5 бала қазір пәтер жалдап тұрады. Ал анасы Жұлдыз Тлеуф өзінің жүйке ауруына шалдықпағанын растау үшін Алматыдағы емдеу орталығында тексеріліп жүр. Отбасының тұңғышы Құралай Есболатова осы жағдайға жеткізгендердің жауапқа тартылуын сұрады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Есболовтар отбасы Ақтөбе облысы Қобда ауданында тұрған. Кейін ерлі-зайыпты ажырасып, анасы мен балалары Ақтөбе қаласына қоныс аударады. Үйдің тұңғышы Құралай әлеуметтік желідегі парақшасында нағашыларының арасындағы даудан соң анасының мәжбүрлі түрде жүйке ауруына шалдыққандарды емдейтін орталыққа жатып шыққанын айтып, көмек сұрады. Оның мәліметіне сүйенсек, бауырлар арасындағы мүлікке талас соңында анасы есепке алынған. 

Айта кетейік, балалардың анасы Жұлдыз Тлеуф қазір Алматыда. Ол емдеу орнында тексеруден өтіп жатыр. Ал балалар үйдің тұңғышы Құралай Есболатованың жанында. Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, алматылық дәрігерлердің шешімінен кейін ғана қамқоршылық сұрағы шешіледі.

Ал Балалардың құқығын қорғау комитетінің Ақтөбе облысындағы уәкілі бұл жағдай бақылауда болғанымен, істің ақ-қарасы ашылмай толық ақпарат бермейтінін айтты. Отбасымен кездесіп, мән-жайды анықтамақ.

Еске салсақ, Атырауда бір үйдің екі баласы ата-анасының қарауынсыз далада түнеп жүргені анықталды. Балалардың құқығын қорғау комитеті балалардың ата-анасын құқығынан айыру мәселесі қаралатынын айтты