Ақтөбеде браконьерлерден 176 келі балық тәркіленді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде су қоймасынан балықты заңсыз аулаған үш адам ұсталды. Олардан 176 келі балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде полиция қызметкерлері Қарғалы су қоймасы аумағында үш ер адамды ұстады.

Балықшылардан жалпы салмағы 176 келі болатын 4 қап әртүрлі тұқымды балық тәркіленді.

Көксерке - 87, сазан - 4, қара балық - 3, мөңке - 1 дана.

«Ұсталғандардың аумен балық аулағаны анықталды. Полицейлер аулар мен қармақтарды, үрлемелі қайықты, сондай-ақ тіркемесі бар ВАЗ-21214 автокөлігін тәркіледі. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметкері.

Еске салсақ, бүгін Қарғалы ауданы полициясының кезекші бөліміне Қарғалы ауданы Бадамша ауылы маңындағы «Рождество-Дөң» тас жолының бойында орналасқан қоқыс полигонынан қара полиэтилен пакетте шақалақтың денесі табылғаны анықталды.

Қазір тергеу жүріп жатыр. Полиция анасына іздеу жариялады.