Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Бірсуат өзегінде балық қырылып қалды. Мұны жергілікті тұрғындар көріп, видеоға түсіріп алған. Бейнематериалдан сазан, шортан, алабұға, табан мен бір бұрышқа үйіліп жатқан шабақты көруге болады.
- Өзекше бойында балық қалып қойған. Сол балық қырылып қалып тұр. Су деңгейі күн өткен сайын түскен. Бұл өзекшеге жан-жақтан су құймайды, кішкентай. Енді тазарту жұмысы жүргізіледі, сынама алынады,- деп хабарлады Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі.
Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының хабарлауынша, бекітілмеген су айдындарын жергілікті атқарушы орган қадағалайды.
Еске салсақ, Атырау облысының Жылыой ауданында қалдық суда қалған балық шабақтарының бір бөлігі қырылды.
Жауапты мекемелер 21 мыңнан астам мөңке мен сазан шабағын құтқарып, өзенге жіберсе, 22,5 келі өлген шабақ жиналып, жойылды.