Күзде құбыр салып, көктемде көліктер батпаққа батып қалды
Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік батыс тұрғын алабының Ақтан батыр көшесіне жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл көшенің бір бөлігіне асфальт салынып, екінші бөлігі батпақ болып жатыр. Құбыр жүргізілген аумақта көлік балшыққа батып қалған, бірнеше күннен бері қоқыс жиналмады. Себебі мұнда қоқыс тасымалдайтын көлік кіре алмай қалды. Ақтан батыр көшесіне қиылысатын Исатай Тайманов көшесінде де дәл осы көрініс. Бұл көше де жартылай жөнделіп, былтыр құрылыс жұмыстары аяқталмай қалды.
- 2024 жылдың соңында көшенің бір бөлігіне асфальт төседі. Біз барлығын да асфальттайды деп ойладық. Бірақ жолды уақытша жапқанымен, асфальт сол күйі төселмеді. Қыста жолдың қарын ашып, қырып тұрды. Ал көктемде жертөлеге су кетті. Қайта-қайта көмек сұраған соң судың үстіне құм төсеп кетті. Күн сайын әкімдікке хабарласып отырамын. Сол кезде келіп, суды сорып кетеді. Бізге нәтиже керек. Балаларымызды балабақшаға апара алмаймыз, ал такси қызметі қымбаттап кетті. Тіпті 100 метр жерге 1000 теңге сұрайды. Ал өзіміз дәрігерге бару үшін жар жағалап жүрміз. Тайманов көшесі тұрғындарының тілегі сол,- деді Ақтөбе қаласы Тайманов көшесінің тұрғыны.
Ал Жаңақоныс-3 тұрғын алабындағы Сұлутөр көшесінде асфальт бүлінді. Тұрғындар былтыр ғана жолдың бірнеше қабаты төселгенін, ал биыл көктемде қиыршық тастары үгітіліп жатқаны туралы айтып, әлеуметтік желіге жариялады.