Ақтөбеде бұрынғы сүйіктісін бопсалаған адам қамауға алынды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалау және жеке өмірге қол сұғу фактісінің жолын кесті.

Фото: видеодан алынған скрин

Полицияға Ақтөбе қаласының тұрғыны арызбен жүгініп, бұрын қарым-қатынаста болған таныс ер адамның оның келісімінсіз түсірілген интимдік сипаттағы бейнежазбаларды таратамын деп қорқытып, психологиялық қысым көрсетіп жүргенін хабарлаған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Күдікті көршілес облыстың 38 жастағы тұрғыны болып шықты.

Аталған факті бойынша жеке өмірге қол сұғушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, сондай-ақ күдіктінің өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеруге бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарға жеке өмірге қатысты мәліметтерді тарату немесе оларды таратамын деп қорқыту заңға қайшы әрекет екенін және ол үшін заңда көзделген жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Осындай жағдайларға тап болған жағдайда дереу полиция органдарына хабарласу қажет.

Айта кетейік, Оралда бопсалау және тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды.