Ақтөбе облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі 10 тамыз күні қалада жаңбыр, бұршақ жауып, жел күшейетінін хабарлады.
Облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында және қалада найзағай ойнайды.
Қала әкімі Азамат Бекет сенбі күні көшеге шықпауға кеңес берді.
— Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, кешеден бері түскен жауын-шашын мөлшері 74 мм болды. Бұл дегеніміз нормадан 4 есе артық. Өткен түнде барлығы 95 ассенизатор шықты. Қазірдің өзінде 10 мотопомпа, 5 насос стансасы жұмыс істеп тұр. Шығарылған судың көлемі — 30 мың текше метр. Төтенше жағдайлар қызметі ескерту жариялады. Таң алдында дауыл, нөсер жауын, бұршақ жауады деп болжанды. Еліміздің кейбір өңірлерінде кешеден бері бұршақ жауып, автокөліктердің бүлінгені белгілі. Сондықтан мүліктеріңізге абай болыңыздар. Ауа райының қолайсыз екенін ескерулеріңізді, қажеттілік болмаса көшеде беймезгіл жүрмеуді сұраймыз. Синоптиктердің болжамы бойынша, Ақтөбе аумағында осындай ауа райы алдағы күндерде де сақталады. Қатты жауын болған жағдайда суды шығару жұмыстары жалғасады, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында ағайынды Жұбановтар көшесіндегі жол опырылып түсті.
Ал көпқабатты үйде кәріз суы кері ақты.