Өрт 2 қыркүйек күні сағат 17:35-те тіркеліп, облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне хабарлама түскен. Әйтеке би ауданы Жамбыл ауылдық округі Үйтас стансасы аумағында құрғақ шөп жанды. Бірден теміржолға қауіп төнгені белгілі болды.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 18:37-де жетіп, Үйтас стансасында бос тұрған үй мен сарайдың жанғанын көреді. Сонымен бірге, теміржол бойына жиналған шпалды жалын шарпыған.
«Сағат 17:20-да Нұр-Сұлтан-Орал бағытындағы №58 жолаушылар пойызы (вагондар саны - 20) тоқтатылды. Кешігу уақыты – 3 сағат 40 минут. Сағат 21:00-де қозғалыс толығымен қалпына келтіріліп, пойыз өз жолын жалғастырды. Жол бойындағы жанып жатқан шпалды сөндіруге бірнеше ұжым жұмылдырылды. «ҚТЖ» АҚ-дан 59 адам, 2 өрт сөндіру пойызы және тасымалдауға арналған 2 жол сүрегі бар. Ал, құрғақ шөпті сөндіруге ТЖД қызметкерлері барды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Сонымен бірге еріктілер, Қарабұтақ орман шаруашылығы қызметі 20-дан астам адам жіберді. Өрт бүгін таңда сөндірілді.
Адамдар зардап шеккен жоқ. Өрттің жалпы ауданы – 500 га.
«ҚТЖ» АҚ-ның деректері бойынша теміржол жолдарына залал келмеген. Казір пойыздардың қозғалысы штаттық режимде. Жергілікті жерді «ҚТЖ» қызметкерлері қарауылдайды. Табиғи өрттің туындауына, олардың таралуына және елді мекендерге жақындауына жол бермеу үшін өрт қауіпсіздігін есте сақтау қажет», - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.