«Дарынды бала – дара бала» атты шараға облыстағы үздік оқушылар шақырылды. Олардың бәрі облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, халықаралық білім сайысының жүлдегерлері. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жылды қорытындылап, қатарынан оза шыққан оқушыларға 30 мың және 50 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар берілді. Облыстық ғылыми-зерттеу зертханасы мен «Жалын» олимпиадалық резерв мектебінің оқушылары да марапатталды.
«Жастарымыз білімді, тәрбиелі болса, еліміздің ертеңі мықты. Бүгінгі кездесу жыл бойы біліммен, өнерімен биік белестерді бағындырған, облыстық абыройын асқақтатқан үздіктердің басын қосты. Әрдайым оларды қолдап отырамын. Оқушылардың табысты нәтижесі ұстаздар мен балалар еңбегінің ортақ жемісі, бәсекеге қабілетті адами капитал қалыптастырудың баспалдағы. Ұстаздарға ризашылығымды білдіремін», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Айта кетейік, бүгін Ақтөбеде ең үздік 60 оқушы «Жас Ұлан» қатарына қабылданды. Олар - оқу озаттары мен олимпиада жеңімпаздары. Бірыңғай «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қазір облыс бойынша 10 мыңға жуық оқушы мүше. Оқушылар сабақты жақсы оқып, үздіктер қатарынан түспеуге, Отанының патриоты атанып, білімді әрі толерантты азамат болып өсуге ант етті.
«Сабақты үздік оқып, ел мақтанышы боламын. Маған табиғатты қорғау жұмыстары ұнайды», - деді мектеп оқушысы Жансая Асанова.