Ақтөбе қаласы Алтын орда ауданында екі қабатты зәулім спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұр. Жоба құны – 1,7 млрд теңге.
– Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижесіне сәйкес «Интерстиль» ЖШС-і 2021 жылдың 18 маусымы күні құрылыс – монтаж жұмысын бастады. Нысанның жалпы сомасы – 1,7 млрд теңгеден асады. Бүгінгі күні игерілген қаржы – 706 млн теңгеден асады. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамаға түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптамасының оң қорытындысы алынды. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деп жауап берді Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы Kazinform тілшісінің сауалына.
Еске салсақ, 2021 жылы басталған құрылыс былтыр аяқталуы тиіс болатын. Кешеннің жалпы аумағы – 4 800 шаршы метр. Мұнда спорт залдарынан бөлек бассейн болады. Сонымен бірге 200 көрермен орындығы бар әмбебап зал да қарастырылған.