Ақтөбеде «Димаштың Отаны» атты туристік маршрут дайындалды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласына Димаш Құдайбергеннің фантоп жетекшілері келеді. Олар үшін «Димаштың Отаны» туристік маршруты әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Димаш Құдайберген туған жері Ақтөбе қаласына келді. Ал оның фантоп жетекшілері ертең мектеп, колледжді аралайды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытай, АҚШ, Германия, Малайзия, Жапония, Польша, Франция, Финляндия, Жаңа Зеландия, Ресей, Украинадан фантоп жетекшілерін «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы күтіп алады. Ақтөбе облысының сыртқы байланыстар және туризм басқармасы мен  «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ы бірігіп, «Димаш Тур» жобасы аясында «Димаштың Отаны» атты туристік маршрутты іске қосты. Мақсат -  Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттау және Димаш Құдайбергеннің Отанымен таныстыру.

«Барлығы 7 күнге жоспарланған. Ертең басталып, 6 маусымға дейін жалғасады. Димаштың Қытай, АҚШ, Германия, Малайзия, Жапония, Польша, Франция, Финляндия, Жаңа Зеландия, Ресей, Украина елдеріндегі және Қазақстандағы жанкүйер топ жетекшілері келіп, алғашқы күндерін Ақтөбеде өткізеді. Барлығы 25 адам. Олар қаланың көрікті жерлері мен туристік нысандарын аралап, Димаш Құдайберген оқыған мектеп пен колледжге, «Bagytty bala-2018» бірінші ашық балалар байқауына барады. Сонымен қатар, Димаш Құдайбергенге вокалдан сабақ берген ұстазы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Марат Әйтімовтің шеберлік сабағына қатысады. Әрі Димаштың ата-әжесімен, отбасымен кездеседі», - деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, фантоп жетекшілері мектепте Димаш Құдайбергеннің оқу үлгерімі табелін көріп, білім алған сыныбында болады. Мұғалімдерімен тілдесіп, әнші туралы жан-жақты ақпарат ала алады. Әрі ата-әжесімен, анасы Света Айтбаевамен кездесу, әңгімелесу қарастырылған. Жоспар бойынша отандық туроператорлар Димаштың бүкіл әлемдегі жанкүйерлері үшін тұрақты түрде тур ұйымдастыратын болады.