Медет Ысқақов еңбек жолын 2000 жылы Қ.Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебінде домбыра класының мұғалімі болып бастаған. 2003–2004 жылдары «Оқжетпес» республикалық жастар лагерінде мәдени ұйымдастырушы қызметін атқарды. 2004–2016 жылдары Қ. Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебінде домбыра және музыка мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болып еңбек етті.
— 2016–2021 жылдары Мәртөк ауданының Қаратоғай ауылдық округінің әкімі, Мәртөк аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2021–2022 жылдары Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы болды. 2022–2023 жылдары Ақтөбе қаласының Алматы ауданының әкімі қызметін атқарды. 2023 жылдан 2026 жылдың 28 қыркүйегіне дейін Мәртөк ауданының әкімі қызметінде болды, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Медет Ысқақов 2004 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін музыка мамандығы, 2015 жылы Алматы экономика және статистика академиясын қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ал Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тағайындалған Адайбек Есенаманов 2013-2019 жылдары Ақтөбе облысының қаржы басқармасында бас маман және бөлім басшысы лауазымдарында еңбек етті. 2019-2023 жылдары Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
— 2023-2025 жылдары Хромтау ауданы әкімінің орынбасары болды. 2025 жылғы қазан айынан бастап осы уақытқа дейін Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді. Жаңа басшының негізгі міндеттерінің қатарында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қамтамасыз ету, бюджеттік жоспарлау және өңірдің экономикалық саясатын іске асыру бағытындағы жұмыстарды үйлестіру бар, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, дүйсенбі күні Ақтөбеде Мәртөк ауданы әкімінің қызметіне Нұржан Мақсатов тағайындалды. Ол бұған дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды.