Ақтөбе облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының мәліметіне сүйенсек, биыл 10 айда 52 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды. Тағы біреуі — шетелдік. Былтырға қарағанда инфекция жұқтырып алған адам саны 8%-ға өскен.
— Инфекция жұқтырғандардың 40-ы — ер адам (77%), ал 12-сі — әйел (23%). Олардың біреуі ғана инфекцияны есірткі тұтынған кезде жұқтырған. Әлеуметтік жағдайын талдасақ, 25-і жұмыс істейді, 24-і жұмыссыз. Сонымен бірге арнаулы орта білім беру мекемелерінің екі студентінен және бір зейнеткерден АИТВ инфекциясы анықталды. Биыл АИТВ диагнозы қойылғандардың жасы 16 мен 66 жас аралығында. Бұл аурудың әртүрлі жас топтарына таралып жатқанын көрсетеді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы.
Биыл барлығы 193 мыңнан астам зертханалық зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде АИТВ-ны анықтау көрсеткіші 8%-ға өсті. Сонымен бірге 5 000-нан астам экспресс-тест жүргізілді. Қазіргі уақытта облыстық АИТВ орталығында 617 адам (оның ішінде 2 шетел азаматы-ред.) есепте тұр. Олардың жетеуінің жасы 18-ге толмаған.
Еске салсақ, Батыс Қазақстан облысында 1 қазандағы мәлімет бойынша, диспансерлік есепте тұрған, алайда антиретровирустық (АРВ) терапияны қабылдамаған 10 пациент медициналық бақылаудан тыс қалған.