ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Әдеп кеңесінің отырысын өткізді. Кеңесте Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Темірбек Сүйіншинге қатысты іс қаралды. Департаменттің бас маманы Қайрат Акиевтің айтуынша, шенеунік Әкішілік құқықбұзушылық кодексі бойынша жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Яғни, мемлекеттік қызметкер 12 мың теңге айыппұл төледі. Іс кейін Әдеп кеңесіне түсті. Оқиға 2018 жылдың шілдесінде дәмхана ішінде болған.
«Мен демалыста жүрген едім. Әрі балам ауырып, ауруханаға түсті. Кінәмді мойындаймын, мас болдым», - деді Темірбек Сүйіншин.
Әдеп кеңесінде мас күйінде көлік жүргізген Алға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ескендір Бекіштің ісі де қаралды. Басшыны жол-патрульдік қызметі тоқтатып, 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылған.
«Мен өз кінәмды мойындаймын. Сол күні тойдан шыққан едім. Бұл ісім дұрыс емес, кешірім сұраймын», - деді Ескендір Бекіш.
Әдеп кеңесі екі мемлекеттік қызметкерге де қызметіне толық сәйкес емес деген тәртіптік жаза ұсынды.