Ақтөбедегі жолаушылар тасымалын жүргізетін мекеменің басшысы Мейіржан Өндіргенов өткен жылы қылмыстық жазаға тартылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, экс-депутат, кәсіпкер рақымшылыққа ілігіп, жаза мерзімінің төрттен бір бөлігі қысқартылып, кейін айыппұлға ауыстырылды . Ал таяуда прокурорлар тағы бір қылмыстық істі тергеді.
Іс материалына сүйенсек, «Емшам компаниясы - Emshan Co» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Ал Актобе» ЖШС директоры Мейіржан Өндіргенов бас есепшімен бірігіп компанияның шығын көлемін көтеріп, кірісін азайтты. Нәтижесінде салықты аз төледі. Сөйтіп «Ал Актобе» ЖШС-і 2011 жылы бюджетке 74 миллион теңгеден астам шығын келтірді, салық төлемеді.
Сонымен қатар, айыпталушы Мейіржан Өндіргеновтің «АқЖол LTD» ЖШС-де 70 пайыздық үлесі болды. Бұл компанияның 44 миллион теңге салық төлемегені анықталды. 2011-2012 жылдары аралығында компаниялардың басшысы мен бас есепшілер бірігіп, алдын ала келісіп, сатып алған тауарлар мен қызмет құнын негізсіз көтерді және кірісті азайтып көрсетті. Қылмыстық іс тергеліп, сотқа жеткенімен, мерзімі өтіп кеткен. №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Динара Гильманова айыпталушы Мейіржан Өндіргеновке қатысты қылмыстық істі тоқтатуға қаулы шығарды.
«Айыпталушы Мейіржан Өндіргеновке қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы ұсынысы қабылданды. Қылмыстық іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тоқтатылады. Мейіржан Өндіргеновтен 572 988 теңге сот шығыны өндірілсін. Сот шешіміне прокуратура аппеляциялық шағым түсіре алады»,- деді судья Динара Гильманова.
Айта кетейік, қазір осы іске қатысты бас есепшілер де айыпталып жатыр.