Ақтөбеде электр сымына мұздақ қатып, бірнеше ауыл жарықсыз қалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бұл жұмыс кеше басталып, бүгін жалғасты. Жұмысшылар сымды қағып, мұздақты түсіріп жатыр.
Жұмыс Алға ауданындағы бірнеше ауылда қатар жүргізілді. «Энергосистема» ЖШС-нің қызметкерлері қазіргі кезде тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.
— Қарақұдық және Тоқмансай елді мекендерінде электр энергиясын беру уақытша, мәжбүрлі түрде ішінара тоқтатылды. Жарықты өшіру кезінде тұтынушыларға алдын ала хабарлама берілді. Сонымен қатар Петровка елді мекенінде де электр энергиясын беру уақытша шектелді. 10 тұтынушыға генератор берілді. Желіде қайта іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар мен арнайы техника жұмылдырылды, — деп хабарлады «Энергосистема» ЖШС баспасөз қызметі.
Мамандар себебін күн жылып, кейін аяз күрт күшейгеннен деп түсіндірді. Алға ауданы әкімдігінің хабарлауынша, кей жерде мұздақтың диаметрі 15 см жеткен. Мұздақ түсіру жұмыстары Мәртөк, Хромтау, Қарғалы аудандарында да жүргізілді.
Еске салсақ, жыл басында Ақтөбеде электр сымының бойына қатқан мұздақтың диаметрі 20 см болды. Ол кезде Мұғалжар ауданының екі ауылында ондаған бағана құлады.