Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе медициналық орталығында болып, дәрігерлермен тілдесті, науқастардың жағдайымен танысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтің айтуынша, бүгін облыс COVID-19-дың таралуы бойынша «сары» аймаққа өтті.
«Эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Науқастар саны азайып келеді. Күн сайын аз адам тіркейміз. Бүгінде реанимациялық бөлімде коронавируспен ауырып жатқан 20 науқас бар. COVID-19-бен ауырып қалған жүкті әйелдер де азайды. Облыс бойынша 12 науқас стационарда емделіп жатыр. Жағдайлары – қанағаттанарлық. Облыстағы барлық емдеу мекемелері қалыпты тәртіпте жұмыс жасап келеді»,- деді Р.Исаев.
Оңдасын Оразалин дәрігерлердің жұмыс жағдайына қызығушылық танытты. «Кейде жұмыс өте қиын болады, алайда бізді мемлекеттің қолдайтыны қуантады. Барлық бөлімдегі қызметкерлердің, соның ішінде кіші медицина қызметкерлерінің де еңбекақысы қаңтар айында өсті. Мәселен, мен 8 сағаттық жұмыс күні мен кезекшілікті қосқанда 380-400 мың теңге аламын. Бізде мейіргер болып негізінде интерндер, яғни медициналық университеттің 6, 7 курс студенттері жұмыс істейді. Қазір олар онлайн оқып жатыр. Сондықтан тәуліктік кезекшілікке шыға алады. Айына 10 тәулік кезекшілік етеді, қалған уақытта сабақта. 180 мың теңгедей жалақы алады»,- дейді Ақтөбе медицина орталығының бөлім меңгерушісі Айгерім Түкібаева.
Айта кетейік, өткен тәулікте өңірде 47 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның 35-і дерттің симптомды түріне шалдығып отыр. Қазіргі кезде үй карантиніндегі адам саны да біршама азайған. Барлығы 3700-ден ақтөбелік оқшауланып отыр.