Ақтөбеде эпилепсияға шалдыққан балаларды емдеу жолы қайта қаралады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы эпилепсияға шалдыққан балаларды ауруханаға жатқызып, ем тағайындау жолын өзгертеді. Себебі бұған дейін олар қабылдап келген осполат препаратын сатып алу қиындаған.

Фото: Астана әкімдігі

Ақтөбеде эпилепсияға шалдыққан жасөспірім қыздың жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түсті. Себебі соңғы жылдары қабылдап жүрген осполат препараты табылмай қалған. Осы оқиғадан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу жолын өзгертуге шешім қабылдаған.

- Эпилепсияға қарсы осполат препаратын қабылдайтын балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі біздің қатаң бақылауымызда. 2026 жылы құрамында сультиам әсер етуші заты бар аталған препаратты сатып алуда қиындықтар туындады. Оның негізгі себебі – нарықта әлеуетті өнім берушілердің болмауы. Қазіргі уақытта біз бұл мәселені шешудің барлық мүмкін жолын қарастырып, тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз үшін ең бастысы – балалардың денсаулығы және емді үздіксіз жүргізу. Әрбір баланың жағдайы жеке қаралып, қажетті еммен қамтамасыз ету үшін барлық шара қабылданады,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова.

Ақтөбеде эпилепсияға шалдыққан 7 бала осполат препаратын қабылдаған. Енді олардың бәрі облыстық балалар ауруханасына жатқызылады.

- Науқастардың әрқайсысын бейінді мамандар қарап, балама ем тағайындалады. Балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі ҚР Денсаулық министрлігі басқармасы мен Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының ерекше бақылауында. Басты міндетіміз – әр балаға қажетті емді қамтамасыз етіп, олардың емінің үзілуіне жол бермеу,- облыстың штаттан тыс бас неврологі Ақжібек Есқали.

Еске салсақ, эпилепцияға шалдыққан ақтөбелік қыздың жағдайы күрт нашарлап, тұрақты қабылдап жүрген осполат препараты табылмай қалды. Дәрігерлер бұл дәрінің мемлекеттік тіркеуде жоқ екенін айтты.