Ақтөбеде есірткі саудасымен айналысқан адамнан 7 келі марихуана тәркіленді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 44 жастағы күдіктіден 2 келі марихуана тәркіленді. Үйін тінту кезінде тағы 7 келі ескірткі заты анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Гришин көшесіндегі аулалардың бірінен 44 жастағы ер адамды тоқтатты.

Тексеру кезінде одан есірткі заты бар 35 полиэтилен түйіншегі тәркіленді. Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат-салмағы 2 келіден асатын марихуана.

Сондай-ақ ұсталған адам есірткілік масаң күйде болған.

«Әрі қарай тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ұсталған адам бұл затты таныс адамынан алғанын түсіндірді. Есірткі сатушының тұрғылықты жері бойынша тінту барысында қызметтік иттің көмегімен полиция қызметкерлері балконнан 7 келіден астам марихуанаға ұқсас затты тәркіледі. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» және «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, сатушының мүлікті тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, тәркіленген есірткі затының қара нарықтағы құны 3 млн теңгеден асады.

Тәркіленген есірткі заты 19 мыңнан астам бір реттік дозаны құрады.