Ақтөбеде ескірткі таратушылардан 200-ден астам орама тәркіленді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Күдіктілер ескірткіні Telegram мессенджері арқылы сатып алған. Кейін орамаларды жасырып, сатқан.

Фото: Видеодан алынған скрин

Ақтөбеде полиция қызметкерлері есірткіні заңсыз сатумен айналысқан топты анықтады. Күдіктінің бірі қаланың өнеркәсіптік аймағында ұсталды. Тінту кезінде одан 246 орама анықталды. Түсі жасыл, өзіне
тән иісі бар зат бірден тәркіленді.

- Оқиға болған жерді тексеру барысында полиция қызметкерлері тағы 133
ораманы тәркіледі. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер есірткіні Telegram
мессенджеріндегі интернет-дүкен арқылы сатып алып, оны жасыру арқылы таратқан. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі
уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы және
есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар
анықталып жатыр,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Екібастұзда екі ағайынды гаражда синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Тінту барысында 10 келіден астам «альфа-PVP» психотроптық заты, 860 литр химиялық сұйықтық, оның ішінде 300 литрлік реактор-сыйымдылық, зертханалық ыдыстар, таразылар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді.