Аталмыш шара тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің атамекеніне айналған қасиетті қазақ жері мен бауырмал қазақ халқына деген құрметі, ризашылықтарын жеткізу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Құтты мекенге айналған Ақтөбе қаласында тұрып жатқан этнос өкілдерінің бастамасымен өткен мерекелік шараға облыстық басқарма басшылары, Ақтөбе облысы ҚХА хатшылығы мен ЭМБ төрағалары, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ, зиялы қауым өкілдері, өзге ұлт өкілдерінің жастары, мәдениет қайраткерлері, ҚХА жанындағы Кеңес мүшелері, БАҚ қатысты.
Шара ақтөбелік этномәдени бірлестік өкілдерінің «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоғын қоюдан басталды.
Содан кейін С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы жазылған кітаптар көрмесі, этнос өкілдері балаларының қолымен салынған «Менің Отаным - Қазақстан» суреттер алаңы, сондай-ақ, өңірдегі диаспоралардың ұлттық қолөнер бұйымдары мен тағамдары дайындалған көрме өтті.
Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин жыл сайын көктемнің алғашқы күнінде аталып өтілетін мерекемен барша ақтөбеліктерді құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Бүгін - Тәуелсіз ел тарихындағы ерекше күн. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1 наурыз - Алғыс айту күні деп жарияланғаны баршаңызға белгілі. Қазақстандық патриотизм, бірлік пен достықтың белгісі болған бұл мерекені барша қазақстандықтар ерекше көңіл-күймен атап өтеді. Бұл күннің маңызы зор, тарихы тереңде жатыр. Бүгінгі тамаша мерекеде баршаңызға алғыс білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бірлігіміз бен ынтымағымыз мәңгілік болғай», - деді облыс әкімі.
Одан әрі мерекелік шара татулықтың темірқазығына айналған қаладағы Қазақстан халқы Ассамблеясының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Облыстық ҚХА жанындағы ЭМБ өкілдері Алғыс айту күнін атап өтудің маңыздылғы мен Қазақстанның түрлі этнос өкілдерінің алтын ұясы, мәңгілік Отанына айналғанын айтып, қазақ халқына деген үлкен ризашылығын жеткізді.
Мерекелік бағдарламаны жүргізу мемлекеттік тілді жетік меңгерген украин ұлтының қызы Ирина Гнатюк пен татар жігіті Марат Зиядиновқа бұйырды.
Алдымен көрермендерге этностардың қазақ жеріне қоныстануы туралы тарихи мәліметтер арқау болған «Мың алғыс саған, Қазақ елі» бейнефильмдер топтамасы ұсынылды.
Іс-шара барысында ақтөбелік этностар қазақ халқына алғыс айтып қана қоймай, биыл елімізде ерекше аталып өтілетін айтулы күндерге тоқталып, Ұлы ақын Абайдың 175, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, қазақ вальсінің королі атанған Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арнап сыған диаспорасының өкілдері Беджа Калмыков «Айттым сәлем, Қаламқас», Алексей Дадусенко «Сыған серенадасы» әнін қазақ тілінде шырқап, халықтың қошеметіне бөленді.
Мерекелік шарада «Купава» фолкмодерн тобының «Земля Казахстана», болгар қызы Вера Бошкованың орындауындағы «Қазақ елі», «Сайлян» балалар үлгілі ансамблі «Ақтілек», сондай-ақ, этнос өкілдерінің бірлескен «Туған елім – туған жерім» попурри әндері тамаша өнер шашуы болды.