АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Қобда ауданының орталығында үй ішінде тұрған газ баллоны жарылып, екі адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін сағат 14:17-де төтенше жағдайлар қызметіне Қобдадағы тұрғын үйде газ баллонының жарылғаны туралы хабарлама түсті.
«Өрт-құтқару бөлімшелері аталған мекенжайға шұғыл аттанды. Үйдің кіреберісінде 5 литрлік газ баллонының жарылғаны анықталды. Салдарынан үйдің бір бөлігі құлады. Жергілікті өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 8 адам, 1 техника жұмылдырылды. Өрт аумағы 30 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 14:40-та сөндірілді», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт кезінде 34 және 31 жастағы ер адамды күйік шалып, олар ауруханаға жеткізілді. Жағдайы қанағаттанарлық.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.