Ақтөбеде иісшіл ит есірткі тасымалдаған адамды ұстап алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Бруно есімді иісшіл иттің көмегімен есірткі тасымалының жолы кесілді. Барлығы 9 келіден асатын марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы Қызылордадан Ақтөбеге есірткі тасымалдаған күдіктіні ұстады. «Көкнәр-2017» алдын-алу шарасы кезінде иісшіл иттер қырағылық танытты.

«Полиция қызметкерлері салмағы 9,8 келі болатын марихуананы сатпақ болған Ақтөбе қаласының тұрғынын анықтады. Күдікті 10 грамм марихуананы өзімен алып жүріп, сатпақ болады. Кейін иісшіл иттердің көмегімен пәтерінен тағы 146 грамм есірткі табылды. Іздеу жұмыстары жалғасып, гараждан 6 пластикалық бөтелкеге салынған 9 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Құны - 3,5 миллион теңге»,- деді облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Асқаров.

Айта кетейік, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе ескірткі тасымалдаушы 7 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.